Алматы тұрғыны пәтер рәсімдеу кезінде өзінің “екі некесі” барын білді

Алматы тұрғыны пәтер рәсімдеу кезінде өзінің “екі некесі” барын білді
Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Алматы тұрғыны пәтер рәсімдеу кезінде мемлекеттік деректер базасындағы қатені анықтады. Құжаттарды тексерген банк жүйесі оның атына екі неке тіркелгенін көрсетіп, келісімшарт жасауға рұқсат бермеген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ол бұл жағдай туралы Threads әлеуметтік желісінде жазды. Әйелдің сөзінше, банкке пәтер құжаттарына қол қоюға барған кезде жүйе өтінімді қабылдамаған. Тексеру барысында оның атына бір күнде және бір жылда екі неке тіркелгені белгілі болған.

“Екі жазбадағы неке тіркелген күн бірдей. Біреуінде ерлі-зайыптылардың тегі дұрыс көрсетілсе, екіншісінде қате жазылған”, – дейді ол.

Алматылық келіншек мәселенің мән-жайын анықтау үшін АХАТ бөліміне жүгінген. Оның айтуынша, мекеме қызметкерлері бұрын тәжірибеден өтіп жүрген маман деректерді компьютерге қате енгізгенін түсіндірген.

Бұл ақпарат электронды үкімет порталындағы жеке кабинетте көрінбейді. Алайда әйелдің мәлімдеуінше, екі неке туралы жазбаны АХАТ қызметкерлері мен банк жүйесі көреді. Ол тегіндегі қатені eGov арқылы да, халыққа қызмет көрсету орталығына барып та түзетуге тырысқан. Бірақ ХҚКО жүйесінен қате анықталмағандықтан, өтініші нәтижесіз қалған.

Құжаттағы сәйкессіздік салдарынан тұрғынның пәтерге қатысты мәмілесі кейінге шегерілген. Ол қазақстандықтарға маңызды келісім жасамас бұрын жеке құжаттары мен мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтерді алдын ала тексеруге кеңес берді.