Алматы тұрғыны нысанды кеш тапсырған құрылыс компаниясынан 10,5 млн теңге өндіріп алды

Алматы тұрғыны нысанды кеш тапсырған құрылыс компаниясынан 10,5 млн теңге өндіріп алды
Фото: egemen.kz

Алматы тұрғыны жылжымайтын мүлік нысанын бір жылға жуық кешіктіріп тапсырған құрылыс компаниясын сотқа беріп, 10,5 млн теңге көлемінде өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Nege.kz мәліметінше, ер адам 2021 жылы құрылыс компаниясымен пәтер, коммерциялық үй-жай және автотұрақ орны бойынша үш алдын ала келісімшарт жасасқан. Ол мүліктің құнын толық төлеген. Келісімге сәйкес, құрылыс 2023 жылдың соңына дейін аяқталып, негізгі сатып алу-сату шарттары рәсімделуге тиіс болған.

Алайда нысан тек 2024 жылдың қазан айында пайдалануға берілген. Қабылдау-тапсыру актілеріне 2025 жылдың қаңтарында қол қойылса, сатып алу-сату шарттары наурыз айында ғана рәсімделген.

Осыған байланысты сатып алушы құрылыс компаниясынан мерзімнің кешіктірілгені үшін тұрақсыздық айыбын өндіріп алуды талап еткен. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар оның талабын қанағаттандырмаған. Алайда кассациялық сот бұған дейін қабылданған шешімдермен келіспеді.

Соттың түсіндіруінше, негізгі шарттардың кейіннен жасалуы құрылыс компаниясын оған дейін жіберілген заң бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды. Келісім талаптарында әр кешіктірілген күн үшін жылжымайтын мүлік құнының 0,1 пайызы мөлшерінде, бірақ жалпы соманың 10 пайызынан аспайтын тұрақсыздық айыбы қарастырылған.

Нәтижесінде төменгі сатыдағы соттардың шешімдері күшін жойып, құрылыс компаниясынан сатып алушының пайдасына 10,5 млн теңге өндірілді.