Алматыда Абай даңғылының бір бөлігінде басталған жөндеу жұмыстары тұрғындардың наразылығын туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары жолдың жағдайы жақсы екенін айтып, қалада жөндеуді қажет ететін басқа көшелер бар екенін жазған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тұрғындардың бірі әкімдікке: "Мінсіз асфальтті не үшін ауыстыруды шештіңіздер? Аулалардағы жолдар әбден тозып жатыр, соларға көңіл бөлуге болмай ма?" деген сауал жолдаған.
Әкімдік бұл учаске жөндеу тізіміне тексеріс нәтижесінде енгізілгенін хабарлады. Мамандар жолда көлік дөңгелегінен пайда болған ойықтар, жарықтар және асфальт жабыны едәуір тозғанын анықтаған. Бұл аумақтағы бұған дейінгі жөндеу жұмыстары 2019 жылы жүргізілген.
Сондықтан әкімдік Абай даңғылының Саин көшесінен Момышұлы көшесіне дейінгі бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. Ол 1 қыркүйекке дейін жалғасады.
Осы кезеңде жолдағы көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Жөндеу жолды толық жаппай, бірнеше жолақта кезең-кезеңімен жүргізіледі.