Алматы облысында болған ауыр жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам көз жұмды. Әлеуметтік желілерде қаза тапқандардың арасында полиция қызметкерлері болуы мүмкін деген ақпарат тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 23 маусым күні Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 132-шақырымында болған.
Алдын ала деректер бойынша, Haval маркалы көліктің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Audi 100 автокөлігімен соқтығысқан.
Қатты соққы салдарынан Audi көлігіндегі адамдар оқиға орнында қаза тапқан. Жүргізуші мен екі жолаушы алған жарақаттарынан жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.
Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Haval көлігінің жүргізушісі қамауға алынды.
Қазіргі уақытта тергеушілер апаттың барлық мән-жайын, оның ішінде көліктің қарсы жолаққа шығу себептерін анықтап жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.
Сонымен қатар, полиция әзірге қаза тапқандардың құқық қорғау органдарының қызметкерлері болғаны туралы ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.