Freedom Inside '26

Алматы облысында трансұлттық қылмыстық топтың жеті мүшесі сотталды

Алматы облысында трансұлттық қылмыстық топтың жеті мүшесі сотталды
Фото: gov.kz

Алматы облысында синтетикалық есірткі өндірумен және таратумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың жеті мүшесіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың мәліметінше, сотталғандардың барлығы шетел азаматтары.

Тергеу барысында облыс прокуратурасының үйлестіруімен полиция қызметкерлері үш жасырын есірткі зертханасын анықтаған. Тінту кезінде заңсыз айналымнан 90 келіден астам дайын синтетикалық психотроптық зат, бір тоннадан астам прекурсор мен түрлі химиялық компонент, сондай-ақ есірткі дайындауға арналған арнайы құрал-жабдықтар тәркіленген.

Мамандардың бағалауынша, тәркіленген есірткінің "қара нарықтағы" құны 1,5 миллиард теңгеден асады.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтарды ұсынған. Іс материалдарын жан-жақты қараған сот оларды кінәлі деп танып, 19 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар сотталғандарға тиесілі үш тұрғын үй мен бірнеше автокөлік мемлекет меншігіне тәркіленді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында синтетикалық есірткі таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық желінің қызметі толық тоқтатылған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.