Алматы облысындағы Бақтияр сай шатқалында шыққан табиғи өрт толықтай сөндірілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекеттік жер қоры аумағында тұтанған жалын құрғақ шөптен басталып, жалпы 8 гектар жерді шарпыған. Тілсіз жауды тоқтатуға төтенше жағдайлар қызметінің және орман шаруашылығының 70 маманы, сондай-ақ, 15 техникасы жұмылдырылды.
Өртті сөндіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы да тартылды. 8 сағаттан аса уақыт ішінде өрт толықтай сөндірілді.
Министрліктің мәліметінше, оқиғадан зардап шеккендер жоқ, сондай-ақ, жақын маңдағы елді мекендерге қауіп төнбеген.
"ТЖМ авиациясы жалпы көлемі 51 тонна болатын су шашты. Жұмыс барысы күннің ыстығы мен жылдамдығы 4 метр секундқа жететін солтүстік-батыс желі салдарынан күрделенді. ТЖМ бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді іс-қимылы нәтижесінде өрт сөндірілді", - деді Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінің маманы Ақтоты Аятқызы.