Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының дәрігерлері күрделі ота жасап, 35 жастағы әйелдің жатырындағы алты ісікті сәтті алып тастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мамандар жоспарлы кесар тілігі кезінде нәрестені дүниеге әкеліп қана қоймай, жатырды сақтап қалуға мүмкіндік берген операцияны қатар жүргізген.
Дәрігерлердің мәліметінше, жатыр миомасы әйелдің жүктілігінің алғашқы кезеңінде анықталған. Соған қарамастан, ол жүктілікті сәтті көтеріп, сәбиін 37 аптаға дейін аман-есен жеткізген.
Алдымен дүниеге дені сау нәресте келген. Одан кейін хирургтер миомэктомия жасап, жатырдағы алты түйінді алып тастаған. Ісіктердің көлемі 4 сантиметрден 10 сантиметрге дейін жеткен.
Ота көлемінің күрделілігіне қарамастан, дәрігерлер әйелдің жатырын сақтап қалды.