Алматы облысында алты жасар балаға қан құйылғаннан кейін С гепатиті анықталған. Бұл туралы баланың ата-анасы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Баланың әкесінің КТК телеарнасына айтуынша, оқиға отбасының Түркияға сапарынан кейін басталған. Елден оралған соң баланың қатты жөтелі күшейіп, дене қызуы көтерілген. Кейін мұрнынан қан кетіп, ол шұғыл түрде Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілген.
Дәрігерлер балаға иммундық тромбоцитопения диагнозын қойып, қан құйған.
Кейін науқас емін жалғастыру үшін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жіберілген. Сол жерде жүргізілген ПТР (ПЦР) талдауы оның С гепатитін жұқтырғанын көрсеткен.
Баланың ата-анасы инфекция дәл ауруханада қан құю кезінде жұққан деп есептейді. Осыған байланысты әкесі істі бақылауға алуды сұрап, Президент әкімшілігіне жүгінген.
Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы аталған дерек бойынша қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді.