Алматы облысы Боралдай кентіндегі "Алатау" базары аумағында орналасқан Sushi Time қоғамдық тамақтану орнының қызметі уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жергілікті тұрғындар тағамнан улану белгілерімен медициналық көмекке жаппай жүгінген, 19 адам ауруханаға жатқызылған. Алдын ала мәлімет бойынша олардың барлығы осы мекемеден сатып алынған өнімді тұтынған.
Алғашқы шағым түскеннен кейін оқиғаға санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, денсаулық сақтау саласының өкілдері және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған.
Қазір Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеріс жүргізіп жатыр. Зертханалық сараптама үшін тағамнан сынама алынып, материалдар уәкілетті органдарға жолданған.
Оқиғаның нақты себебі тексеріс аяқталып, зерттеу нәтижелері шыққанннан кейін белгілі болады.