Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы басшысының орынбасары, наиб мүфтий Кенжеғали қажы Қоңыратбайұлы мен Алматы қаласының Орталық мешітінің наиб-имамы Руслан Қайыргелді айтты.
– Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы хазрет кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырған үндеуіне алматылық кәсіпкерлерді үн қосуға шақырамын, – деді Кенжеғали қажы Қоңыратбайұлы.
Осы сәтті пайдалана отырып, спикерлер қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілектерін жеткізді.
Өз кезегінде Орталық мешіттің наиб-имамы осы айда сауапты істер жасап, жекелей алғанда, мүмкіндігінше халыққа жеңілдіктер жасауға шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қасиетті Рамазан айы Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр және ол наурыздың 23-де басталады. Осыған байланысты, қаланың төрт мешітінде арнайы мерекелік, қайырымдылық іс-шаралар өткізіледі.