Алматыдағы «Тигрохауд» базары жаңғыртылған соң жұмыс орны көбейеді

Dalanews 19 мау. 2024 12:55 1824

Халықпен есептік кездесуінен кейін Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев қаланың Әуезов ауданындағы «Тигрохауд» базарын жаңғырту барысымен танысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сауда орынын жаңғырту сатушылар үшін де, сатып алушылар үшін де қолайлы болтыны сөзсіз. Қазіргі таңда екі қабатты сауда орталығының іргетасы құйылып жатыр.

Жаңғыртудан кейін жұмыс орнының саны 100-ден 160-қа дейін көбейеді.

Жоспарға сәйкес, сауда нысанына баратын жолдарға асфальтбетон, ал кіреберістер, алаңдар мен жолдарға тротуар плитасы төселеді.

Жобада 40 көлікке арналған тұрақ қарастырылған. Сондай-ақ, заманауи желдету, ауаны баптау және жарықтандыру жүйелерін орнату, санитарлық тораптарға қолжетімділікті қамтамасыз ету, демалыс аймақтарын жайластыру жоспарлануда.

Құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылдың сәуір айында басталды. Ол 2025 жылдың қазан айында аяқталады.

Қала басшысы құрылыс барысын аралау барысында іргелес аумақты абаттандыру мен көгалдандыруды сапалы орындау маңызды екенін атап өтіп, Әуезов ауданының әкіміне құрылыс жұмыстарының әрбір кезеңінің орындалуын бақылауға алуды тапсырды.

Әкім полицентристік даму аясында халық осындай сауда кешендеріне қол жеткізуі тиіс екенін атап өтті.   

«Тигрохауд» фирмасы» ЖШС Бас директоры Жанар Құрабаева қала әкімдігіне алғыс айтып, әкімнің сауда орталығының шатырын пайдалану жөніндегі ұсынысы жаңғырту жобасында жүзеге асатынын атады.

«Тигрохауд» базары 1992 жылы салынған. Құрылыс салынған соң жөндеу жұмыстары тек 2000 жылы жүргізілді.  Базарды жаңғырту бағдарламасы аясында контейнерлер өртке қарсы, санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетіндей қолайлы жағдай жасалып, заманауи ғимаратқа ауыстырылады. Жобаға салынған жеке инвестицияның жалпы сомасы 2,4 млрд. теңгеден асады.

Айта кететін нәрсе, бүгінде Алматыда сауда қызметін реттеу туралы заңға сәйкес 33 базар жаңғыртылды, тағы 9-ы 2025 жылға дейін жаңғыртудан өтеді.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар