Алматыдағы ірі жол апаты: полиция күдіктілерге қатысты мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 26 нау. 2026 14:59

Алматыда болған жантүршігерлік жол апаты бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қала полициясының басшылығы оқиғаға қатысы бар барлық тұлға заң алдында жауап беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдұлдиновтың айтуынша, қазіргі таңда негізгі күдікті - Zeekr көлігінің жүргізушісі ауруханада жатыр. Оның жағдайы тұрақталған соң, тиісті процессуалдық шешім қабылданып, қамауға алынуы мүмкін.

"Қылмыстық іс аясында барлық қажет тергеу әрекеттері жүргізілуде. Жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ осы оқиғаға байланысты полиция қызметкерлерінің әрекеті де тексеріліп жатыр. Егер кінә анықталса, тиісті шаралар қабылданады", - деді ол.

Сонымен қатар қоғамда қызу талқыланған тағы бір мәселе - жүргізуші Александр Пактың оқиға кезінде мас күйде болған-болмағаны. Полиция мәліметінше, күдікті ауруханаға жеткізілген сәтте бірден қан талдауы алынған. Алайда оның нәтижелері әзірге дайын емес.

"Қан сынамалары алынған, бірақ сараптама қорытындысы әлі шыққан жоқ. Нәтижелер белгілі болғанда қосымша ақпарат беріледі", - деп нақтылады департамент басшысы.

Баспасөз мәслихаты барысында полиция қызметкерлерінің ықтимал қатысы да назардан тыс қалған жоқ. Ведомство бұл бағытта қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын растады.

"Қызметкерлердің әрекетіне жан-жақты құқықтық баға беріледі. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, ең қатаң жауапкершілік шаралары қолданылады", - деді Айдын Қабдұлдинов.

Қазіргі таңда істің барысы полиция департаменті басшылығының тікелей бақылауында. Сараптама нәтижелері дайын болған соң және күдіктінің жағдайы жақсарған кезде қосымша мәліметтер жарияланбақ.

Айта кетейік, 21 наурыз күні Әл-Фараби даңғылында жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Қайғылы оқиға салдарынан үш адам оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігімен тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove