Алматы әкімі Ерболат Досаев Республика күні қарсаңында Түрксіб уданының Нұршашқан шағын ауданында ашылған жаңа заманауи отбасылық-дәрігерлік амбулаторияға (ОДА) барды.
Жаңа амбулатория пайда болғанға дейін шағын аудан тұрғындарына 1975 жылы салынған 52 шаршы метр ескірген ғимаратта қызмет көрсетілді. Ол заманауи стандарттарға сәйкес келмеді және ұзақ уақыт бойы ауыстыруды қажет етті. Қабылдау тек фельдшерлік-акушерлік бағытта жүргізілді. Кешенді медициналық көмек алу үшін пациенттер Жұлдыз-1 ш/а орналасқан №20 емхананың негізгі корпусына баруға мәжбүр болды.
Жаңа дәрігерлік амбулатория № 20 қалалық емхананың филиалы болып табылады және ауысымына 100 келушіге есептелген. Медициналық мекеме алғашқы медициналық және дәрігерге дейінгі көмек көрсету үшін барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ азаматтардың мобильділігі төмен тобы үшін міндетті шарттар сақталды: пандустар, ыңғайлы есік ойықтары және бейімделген санитарлық тораптар.
Ауданы 1,4 мың шаршы метр екі қабатты ғимаратта Педиатрия, Жалпы практика дәрігерлері, вакцинация, шұғыл және консультациялық-диагностикалық көмек бөлімшелері, күндізгі стационар орналасқан.
Жаңа амбулатория шағын ауданның бекітілген тұрғындарына қызмет көрсетеді, осылайша тұрғындардың медициналық қызметке деген қажеттілігін жабады.
«Мен Нұршашқан шағын ауданында тұрамын. Біз жаңа заманауи амбулаторияның ашылғанына өте қуаныштымыз және ризамыз, бұрын бізге өте алыс орналасқан емханаға жету қиын болды, Жұлдыз шағын ауданына баруға тура келді. Қазір біз үшін медициналық көмек қолжетімді болды, дәрігерлер жақын жерде, біз ыңғайлы уақытта келеміз, емделеміз, дәрі - дәрмек аламыз», - деді науқас Тұрсынхан Раджибаева.
Айта кету керек, Нұршашқан ш/а-да жаңа ОДА ашылғаннан кейін медициналық қызмет көрсетілетін халықты қайта бөліп, №20 емхананың негізгі корпусын күрделі жөндеуді бастады. Емхана ғимаратын жөндеу 2008 жылы пайдалануға берілген сәттен бастап жүргізілген жоқ. Жұмыстарды аяқтау 2025 жылдың наурызына жоспарланған.