Алматыда қоғамдық тыңдау кезінде белсенді заң бұзушылыққа наразылық танытты

Ақтоты Жапатова 25 жел. 2025 12:10

Алматыда қала құрылысына қатысты өткен қоғамдық талқылау барысында белсенді Абай Ерекенов шараның заң талаптарына сай өткізілмегенін айтып, қарсылық білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Ерекеновтің айтуынша, іс-шараның регламенті мен ұйымдастыру тәртібі заңсыз.

«Бұл шараның регламенті де, қол жинау үдерісі де заңға сәйкес емес. Алматы қоғамы атынан айтамын: бұл – қоғамдық тыңдау емес. Себебі Бас жоспардың материалдары заң бойынша тыңдаулардан 30 күн бұрын ашық жариялануы тиіс, алайда ештеңе жарияланған жоқ. Сонымен қатар ұсынылған материалдар төмен сапалы презентациядан аспайды. ҚР заңы, Экологиялық кодекс, Сәулет-құрылыс кодексі, Азаматтық және Денсаулық сақтау кодексі бұзылып отыр», – деді белсенді.

Белсенді бұл әрекетті сыбайлас жемқорлық көрінісі бар алаяқтық деп бағалады.

"Антикордың анықтамасына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңдарына сай қоғамдық тыңдаулар мен талқылаулардың өткізілмеуі – сыбайлас жемқорлықтың көрінісі болып саналады. Аталған іс-шара өткеннен кейін үш күн ішінде әкімдік қоғаммен бірлесіп, хаттама жобасын келісуі тиіс. Сол хаттамада қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы талап нақты көрсетілуі керек. Егер бұл талап хаттамаға енгізілмесе, қоғам өкілдері сотқа жүгіну құқығын өзінде қалдырады", - деді Ерекенов.

Оқиға барысында Ерекенов сөз сөйлеп, қоғамдық тыңдауды тоқтатуға әрекет жасағаннан кейін полиция оны залдан шығарып, біраз уақыттан соң белсенді қайта оралды.

Ал Алматы әкімдігі қоғамдық талқылаулардың заңға сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қала сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Алмас Жаңбыршының айтуынша, талқылаулар Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы №505 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес өткізіледі. Хабарландыру жарияланғаннан кейін талқылаулар белгіленген мерзімде өтуде, ал барлық қажетті ақпарат пен құжаттарға қатысу мүмкіндігі қарастырылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар