Алматыда өткен Be Woman форумы көпшіліктің наразылығын тудырды

Сағыныш Сардарова 06 қаз. 2025 15:30

Алматыда қыркүйекте өткен Be Woman форумы көпшіліктің наразылығын тудырды. Бұған себеп - ресейлік психолог Алексей Ситниковтің Ресей президенті Владимир Путинді мақтауы, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол Путиннің "қайратты тұлғаның" үлгісі екенін айтқан.

"Путиннің қандай қиындыққа қарсы тұрып отырғанын қараңыздар. 55 мемлекетпен қақтығысып жатса да, ол әлі де жеңіске жетіп келеді. Трамп Путинді ұшақ трапында қалай қарсы алғанын көрдіңіздер ме? Бұлай ешбір лидерді қарсы алған емес. Бұл тұлғаның пассионарлығы кейде тұтас ұлттың пассионарлығынан да басым түсіп, әлемді өзгертуге қуатты қозғаушы күш бола алатынын көрсетеді", – деді ол.

Айта кетейік, қоғамда ресейлік спикердің бұл мәлімдемесі қызу талқыланып жатыр. Бұл пікір үшін форумды ұйымдастырушыларды да сынағандар табылған.

Be Woman Asia 2025 форумы 26 қыркүйекте Алматыдағы Республика сарайында өткен болатын. Іс-шараның негізін қалаушы - олигарх Сергей Канның жұбайы Жанна Кан. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар