Алматыда мопедтер жаппай айып тұрағына қойылып жатыр, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мопедтерді пайдаланудың биыл 5 сәуірде күшіне енген жаңа ережелерін сақтауға ерекше назар аударылып отыр.
Өзгерістерге сәйкес енді мопед жүргізушілерінен "А" санатындағы жүргізуші куәлігі, көлікті тіркеу, сақтандыру полисі және мемлекеттік нөмір болуы талап етіледі.
Өзгерістер күшіне енгелі Алматыда 4 мыңға жуық мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін, оның ішінде көлікті куәліксіз, мемлекеттік нөмірсіз басқарған, қауіпсіздік талаптарын бұзған 1,5 мыңға жуық мопед мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
"Біз "Қауіпсіз жол" ЖАІ екінші кезеңі аясында мақсатты профилактикалық жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Негізгі назар мопед жүргізушілерінде, себебі жол қозғалысына қатысушылардың бұл санаты көбіне қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемейді", - деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.