16 сәуірде кешке Алматының Бостандық ауданында лай көшкіні жүрді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы қалалық ТЖД мәліметінше, Ремизовка бау-бақша серіктестігі аумағында болған оқиға туралы 112 нөміріне сағат 18:10 шамасында хабар түскен. Оқиға орнына жедел түрде ТЖД, "Қазселденқорғау" мекемесі және қалалық құтқару қызметінің күштері жіберілген.
Мамандардың сөзінше, нөсер жауын салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, шамамен 300 текше метр жер массасы сырғып кеткен. Соның салдарынан ғимараттың шатыры зақымданған. Зардап шеккендер жоқ.
Төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарына 40-қа жуық адам, 10 техника жұмылдырылған. Қазір арнайы комиссия тексеріс жүргізіп жатыр.