Алматы қаласының Наурызбай аудандық полиция басқармасының жедел уәкілдері ұсталғандардан мойындату жауабын алу үшін электрошокер, жұдырық және су құйылған бөтелке қолданған. Кейін өздері қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандығынан айырылған, деп хабарлайды Dalanews.kz
Журналист Михаил Козачков мәліметінше,Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында 32 жастағы полиция капитаны Әбілхайыр Пернебеков пен 27 жастағы лейтенант Бибатыр Әлімбековке қатысты үкім шыққан. Оларға азаптау және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану айыптары тағылған.
Іс материалдарына сәйкес, өткен жылдың наурыз айында Наурызбай аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын шағымданған. Оның айтуынша, белгісіз адамдар жалған құжаттар арқылы жер телімін өз атына рәсімдеп, кейін сатуға әрекеттенген. Бұл істі тексеру Пернебеков пен Әлімбековке жүктелген.
Полицейлер күдіктілердің бірін анықтағанымен, ресми шақырту жібермей, жер телімін сатып алушы ретінде хабарласқан. Кейін нотариус кеңсесінде кездесуге келіскен. Сол жерге екі қызметкер тағы бес әріптесін ертіп барған.
Нәтижесінде үш адам ұсталып, полиция басқармасына жеткізілген. Тергеу нұсқасы бойынша, ғимараттағы бейнебақылау камералары көрмейтін аумақта ұсталғандардың біріне қысым жасалған. Одан ақша салынған сөмке тәркіленіп, смартфонының құпиясөзін айту талап етілген.
Ер адам телефонды ашудан бас тартқан соң, оны соққыға жыққан. Кейін әжетханаға апарып, тағы да ұрып-соққан. Бұдан соң кабинетке қайта әкелініп, электрошокермен екі рет тоқ соқтырылғаны айтылды. Сондай-ақ жауап бермеген кезде басынан ұялы телефонның қырымен ұрған.
Тергеу дерегінше, осы іске қатысы болуы мүмкін тағы бір адам да полиция басқармасына жеткізіліп, дәл осындай тәсілмен азапталған. Оған қолмен соққы жасалып, электрошокер және су толтырылған пластик бөтелке қолданылған. Осылайша мойындату жауабы алынған.
Алайда кейін жедел уәкілдердің өздері қамауға алынған. Олардың әрекеті азаптау және күш қолдану арқылы билікті асыра пайдалану ретінде сараланған.
Іс алқабилердің қатысуымен қаралған. Олар екі айыпталушының кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келген. Судья Бақытхан Бакирбаев полицейлерді азаптау бабы бойынша кінәлі деп танып, билікті асыра пайдалану айыбын артық деп есептеп, алып тастаған.
Сот үкімімен бұрынғы полицейлердің әрқайсысы 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
