2025 жылы Алматыда 40 846 сәби дүниеге келген. Оның шамамен 300-і - егіз, ал үш отбасында үшемдер туған. Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қалалық филиалы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Былтыр егіздердің ең көп тууы Алатау ауданында тіркелген. Мұнда 62 егіз өмірге келген. Одан кейін Түрксіб ауданында 45 егіз және бір үшем, сондай-ақ Наурызбай ауданында 42 егіз және бір үшем дүниеге келген.
Сондай-ақ:
- Медеу ауданында - 36 егіз және бір үшем,
- Бостандық ауданында - 33 егіз,
- Әуезов ауданында - 30 егіз,
- Алмалы ауданында - 27 егіз,
- Жетісу ауданында - 23 егіз тіркелген.
Қазіргі таңда баланың тууын тіркеу проактивті форматта жүзеге асырылады: сәби дүниеге келгеннен кейін бір тәулік ішінде анасының ұялы телефонына 1414 қысқа нөмірінен деректерді рәсімдеуге арналған SMS хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ бұл қызметті екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, eGov порталы және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алуға болады.
Мемлекет тарапынан бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы қарастырылған. Бірінші, екінші және үшінші балаға 38 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға 63 АЕК төленеді. Егіз, үшем немесе төртем дүниеге келген жағдайда, жәрдемақы әр балаға жеке-жеке беріледі.
Ведомство дерегінше, Алматы қаласы соңғы жылдары егіздер саны көп тіркелетін өңірлердің қатарынан тұрақты түрде орын алып келеді.
