Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары қолға алынды

Ақтоты Жапатова 17 нау. 2025 11:03 195

«Форвардтық сатып алу» және «айналым қарызы» тетігін іске асыру аясында 1 мың тонна күріш, 1,8 мың тонна тауық еті, 170 тонна сүт, 86,4 млн.дана жұмыртқа және 4,5 мың тонна қант, 800 тонна тұз отандық өндірушілермен белгіленген бағамен өнім жеткізу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) маусымаралық кезеңде Павлодар, Алматы, Жамбыл және Түркістан облысының шаруаларымен 9 700 тонна өнімді төмендетілген бағамен жеткізу туралы «форвардтық» келісім жасалды. Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарынан ерте пісетін көкөністерді жеткізу мәселесі қосымша қарастырылып жатыр.

Еліміздің ең ірі сауда желісімен ӘМАТ-тың 11 түрі бойынша бағаларды белгілеу жөнінде келісім жасалды.

Бүгінде «айналым қарызы» және «форвардтық» келісім аясында қосымша келісімшарттар жасау мәселесі қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, жұмыртқа, тауық еті, күріш, көкөністер.

ӘМАТ бағасын бақылау және өнім бағасына қажетсіз делдалдардың әсерін болдырмау мақсатында Өңірлік комиссия мүшелері азық-түлік базарлары мен көкөніс павильондарына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. 15%-дық сауда үстемесін сақтау және делдалдық тізбекті қысқарту жөнінде сауда нүктелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 5 отырыс өткізіліп, 119 ереже бұзу фактісі анықталды. 113 әкімшілік хаттама толтырылып, 6 айыппұл салынды. 17 тиімсіз делдал нарықтан шығарылды.

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ӘМАТ бағасын бақылау бойынша жұмысты тұрақты негізде жүргізіп келеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар