Алматыда 230-дан аса адам сан соғып қалды

Сағыныш Сардарова 28 қыр. 2024 14:50 5020

Алматыда 230-дан аса адам алаяқтарға алданып, автонесие рәсімдеп, қарызға белшеден батқан. Автопарк ашып, адамдарға ақша табуды ұсынған кәсіпкер жүздеген көлікті шетелге сатып, салымшыларды тақырға отырғызып кетіпті. Енді қалтада көк тиын қалмады деп шырылдаған көпшілік құзырлылардан тезірек әрекет етуді сұрап отыр. Себебі олардың миллиондаған қарызы күн санап көбейіп келеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Аlmaty.tv-ға сілтеп.     

9 ай бойы әділдікке жетеміз деп үміттерін үзбеген тұрғындар қаладағы барлық құзырлы мекеменің табалдырығын тоздырғанын айтады. Бірі бұл компанияның жарқын жарнамасына елітсе, енді біріне таныстары оңай ақша табудың жолын сілтеген екен. Автопарк ашу үшін адам жинап, көлік іздеген кәсіпкер басында әр салымшыға қомақты қаражат беріп, автонесиені алғашқы 3 айда жауып отырған. Артынша хабарсыз кетіп, 231-ден аса адамды сан соқтырып кетті.

"Барлығымыз көліктер кепілге қойылғанын ойлап, тыныш болдық, бұл бізді алдап кетпейтінінің дәлелі секілді көрінді, барлық құжат қолымызда еді. Бірақ артынша біз ойламаған сұмдық болды, көліктердің бәрі ұрланып кеткен, көбі Ресейге шығарылып, сатылып үлгеріпті. Өзіміз жүгіріп жүріп, нөмірі бойынша іздеп, жартысын ғана таптық", – деді қала тұрғыны Еркеғали Мақсұтов.

"Ол көліктер жалға беріледі, уайымдамаңыз деп уәде берген еді. Менде жалпы сомасы 26 миллион 960 мың теңге, мен оны төлей алмаймын, менде ондай ақша да жоқ", – дейді қала тұрғыны Әнуар Шәкіров.

Жалған автопаркке алданған әр адам кемінде 15 миллион теңгеге жуық қарызға ұрынды.

Прокуратура өкілдерінің сөзінше, келтірілген материалдық шығын әлі есептеліп жатыр. Бұл оқиғадан кейін талай отбасының шаңырағы шайқалып, үйсіз-күйсіз қалған жандар көбейген көрінеді.

"Алаяқтар алдап, бұлардың көліктерін шетелге шығарған. Ресейдің әрбір қаласында сол көліктерді сатылып жатқан жерінен барып тапты. Қазақстанда банкте кепілдікте тұрған көліктерді неге Ресейде сатып отыр? Екіншіден, енді зардап шеккендер Мәскеуге, Саратовқа барып келіп жүр. Көліктерін қайтара алмай жатыр, қайтаратын заң да жоқ", – деді қоғамдық қордың басшысы Бибінұр Шерәлиева.

Заңсыз пайда табу жолын ойластырып, жүздеген адамды құрыққа түсірген алаяқ қазір қамауда отыр, бірақ жәбірленушілердің заңгері істе тағы бірнеше қылмыскер барын алға салып, оларға қатысты іс қозғауды талап етіп отыр. 

"Біздің арызымыздан кейін банк қызметкерлеріне қатысты және көліктерді басқа елге, Ресейге тасыған тасымалдаушыларға қатысты қылмыстық іс тіркелген. Сол қылмыстық іс аясында біз әділеттілік орнатамыз деп уәде берді. Бұл қылмыстық іс бойынша шет мемлекетке көліктерді алып кеткен адамдар туралы мәліметтер алдым, олардың бәрі бұрын сотты болған екен", – деді заңгер Ғабит Өмірбек.

Жәбірленушілердің басты тілегі – барлық алаяқты ұстап, қарыздарынан құтылу.

"Қазіргі таңда Алматы қаласы Жетісу аудандық басқармасы күдікті Ермағамбетке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен тексеріс бастады. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған", – деді тергеу басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Дінбаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар