Алматыда 13 адамның өмірін қиған хостелдегі өртке қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айыпталушылар орындығында екі адам отыр – ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедияров пен «Гидсервис» компаниясының иесі Александр Пекельник. Оларға өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзып, адамдардың қаза болуына себепкер болды деген айып тағылған.
Қорғау тарапы бұл оқиғаның қасақана өрт қою салдарынан болғанын алға тартып, Еркін Тәнжарықовты кінәлі деп таныды. Алайда прокурордың мәлімдеуінше, оған қатысты айып тағылмаған, әрекеттеріне құқықтық баға берілмеген және қылмыстық қудалау тоқтатылған.
"Еркін Тәнжарықовқа қатысты бөтен мүлікті қасақана өртеу арқылы жою фактісі бойынша ҚР ҚК 202-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы негізінде қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Себебі оның әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамы анықталған жоқ", - деді судья сот отырысында.
Айта кетейік,2023 жылы 30 қарашада Almaty хостелін шарпыған өрт бүкіл Қазақстанды дүрліктірген еді. Ал қайғылы оқиға нәтижесінде 13 адам қаза тапты.
Аталмыш оқиға Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігінде ("Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу") көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген болатын.