Алматы тауларында қар көшкіні жүруі мүмкін

Қаракөз Амантай 26 жел. 2025 15:41

Іле Алатауы жотасының орталық бөлігінде қар көшкіні жүру қаупі бар, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қар жиналу деңгейін, мореналық-мұздық кешендердің жай-күйін бағалау және Іле Алатауы жотасының орталық бөлігіндегі қар көшкіні қаупі бар аумақтарды тексеру мақсатында аэровизуалды ұшу жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша таулы аймақта қардың жиналу процесі әлі де жалғасып жатқаны анықталды. Боранмен қардың жылжуына байланысты кейбір көшкін қаупі бар учаскелерде қар көшкіні жүруі мүмкін”, – делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.

Халықтың, туристердің қауіпсіздігін және “Үлкен Алматы көлі – Космостанция” автожолының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы 26 желтоқсанда Үлкен Алматы өзені бассейнінде орналасқан №18 көшкін алқабында қар көшкінін профилактикалық түсіру жоспарланған.

“Төтенше жағдай министрлігі “Қазселденқорғау” мемлекеттік мекемесінің мамандары көшкін қаупі бар учаскелерде тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бүгінгі күнге дейін 13 жерүсті тексерісі жасалды. Қауіпті аймақтарға 30 ескерту белгісі орнатылды. 58 ескерту-хаттама және “Абайлаңыз, көшкін!”, “Абайлаңыз, шөгінді мұздық” тақырыбында 556 үгіт парағы таратылды”, – деп атап өтті министрлік.

Ведомствоның мәліметінше, қар көшкінінің жағдайы ушығып, “Қазгидромет” РМК-ның дауылды ескертулері жарияланған жағдайда, ТЖ департаменттері мен полиция бірлесіп, халық пен автокөліктің көшкін қаупі бар аймақтарға кіруін шектеу үшін блок-бекеттер қояды.

“Егер қар көшкінінің жүруі туралы ескерту жарияланса, тауға барудан бас тартқан жөн. Ескерту болмаған күннің өзінде жолға шығар алдында ауа райы болжамдарын білу, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлау, дайындалмаған учаскелерде серуендеуден және шаңғы тебуден бас тарту, тек белгіленген маршруттармен жүру керек. Сонымен қатар көшкін қаупі бар жерлер туралы барынша көп ақпарат жинап, қауіпті беткейлерден барынша аулақ болу қажет. Егер тауға шығар алдында қалың қар жауып, қар молынан түскен болса, жорықты екі-үш күнге кейінге қалдырған дұрыс, ал көшкін болмаған жағдайда қардың тұрақтануын күткен жөн”, – деп ұсынады ТЖМ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар