Алматы шетелдік студенттер орталығына айналды

Самал Асқар 20 қаң. 2026 10:43

Қазақстанда шетелдік студенттер саны тарихи максимумға жетті, олардың тең жартысынан көбі Алматыны таңдаған, деп хабарлайды Dala News.

2025 жылы елімізде 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Солардың 18 мыңнан астамы Алматыда оқып жүр. Қала бүгінде Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы басты білім орталықтарының біріне айналды.

Сарапшылардың айтуынша, жастарды мегаполиске тартатын негізгі себептер айқын. Алматыда жетекші университеттер шоғырланған, инфрақұрылым дамыған, халықаралық орта қалыптасқан. Әсіресе Әл Фараби атындағы ҚазҰУ, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Гумилев атындағы ЕҰУ және Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ шетелдік студенттер үшін басты бағытқа айналған.

Қазір Қазақстанда 88 елдің жастары білім алуда. Негізгі ағын Үндістан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қытай және Ресейден келеді.

Алайда өсіммен қатар, қалаға түсетін жүктеме де артып отыр. Алматыда бүгінде 236 мыңнан астам студент бар. Бұл көрсеткіш тұрғын санына шаққанда өңірдегі ең жоғары деңгейлердің бірі.

Мұндай шоғырлану бірқатар мәселеге алып келді. Пәтер жалдау қымбаттап, сұраныс күрт өсті. Университет маңындағы аудандар мен қоғамдық көлік желілері шамадан тыс жүктелді. Көші-қон қызметтері мен әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін салмақ та көбейген.

Білім саласының сарапшылары бұл үрдісті теңгеру қажет екенін айтады. Халықаралық тәжірибеде университеттерді аймақтарға шығару арқылы мегаполистердің жүктемесін азайту кең қолданылып келеді.

Алматы маңында да мұндай үлгілер бар. Қаскелеңде ашылған New York Film Academy кампусы мен әуежай жанындағы Азаматтық авиация академиясы студенттерді қала орталығына шоғырландырмай-ақ тартуға болатынын көрсетті.

Мамандар мемлекет деңгейінде бірнеше бағытты ұсынады: өңірлерде университет филиалдарын ашу, қашықтан және гибридті оқытуды кеңейту, аймақтарда кампус салатын оқу орындарына грант пен салықтық жеңілдіктер беру, студенттік қалашықтар мен жатақханалар салу.

Алматы білім орталығы мәртебесін сақтайды. Алайда қуатты өңірлік кампустар қалыптаспайынша, мегаполистегі жүктеме азаймайды. Білім бір қалада ғана емес, бүкіл ел аумағында тең дамуы тиіс.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove