Алматы қаласындағы №2 перзентханада жас ана қайтыс болды. 1996 жылы туған Кристина Илющенко 14 қарашада дүниеге сәбиін әкелді. Алайда 3 желтоқсанда ол сүт бездерінің қабынуы мен лактостазға байланысты ауруханаға қайта жатқан.9 желтоқсан күні таңертең Кристина үйіне шығуға дайындалып жатқан. Бірақ бір сәтте жағдайы күрт нашарлап, жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер жасаған құтқару шаралары нәтиже бермей, жас ананы аман алып қалу мүмкін болмаған. Бұл жайында блогер Алексей Алексеев Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Блогердің сөзіне сүйенсек, туыстары сот-медициналық сараптама қорытындысын әлі алмаған. Олар ешкімді айыптамайтынын, тек оқиғаның әділ әрі ашық тергелуін талап еткен.
“Кристина тек сүт безіндегі қабыну үшін жатқызылған еді, жүрек ауруы болған емес. Шығуға дайындалған күні ол ажал құшты”, – дейді Кристинаның әпкесі.
Алексей Алексеев бұл оқиғаны әлеуметтік желіде жариялаған соң көптеген әйел осы және өзге перзентханалардағы жағдайларды бөлісе бастаған. Олар ай-күні жақындаған аналарға дәрігерлер дөрекі әрі салғырт қарайтынын жеткізген.
Мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда бір жасқа дейінгі балалардың өлім көрсеткіші 2023 жылы 6,88 пайыз болды, бұл 2 998 нәрестеге тең. Еуропалық одақта көрсеткіш 3,33 %, АҚШ-та – 5,61 %, Ресейде – 3,7 %, Жапония мен Словенияда – 1,7–2 %.
Қоғам белсенділері және блогерлер денсаулық сақтау министрлігін шұғыл комиссия жіберіп, Бәсеновадағы перзентхананың жұмысын тексеруді, сондай-ақ қаладағы басқа перзентханаларды реформалауды талап етуде.
Ал Кристина Илющенконың жақындары мен туыстары сәбиді өз қамқорлықтарына алатынын мәлімдеді.
