Алматы облысындағы цехтағы жарылыс: зардап шеккендердің барлығы қайтыс болды

Көркем Алдабергенова 28 мам. 2025 11:36

Алматы облысы Қарасай ауданындағы Жібек жолы ауылында орналасқан ұн өнімдерін шығаратын цехта болған жарылыстан зардап шеккендердің барлығы ауруханада көз жұмды. Бұл туралы компанияның ресми Instagram парақшасында хабарланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айта кетейік, төтенше жағдай 23 мамырда болған. Ол кезде бір адамның қаза тауып, төртеуі ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне түскені айтылған. Зардап шеккендердің денесінің 80–90 пайызы күйіп қалған еді.

28 мамыр күні олардың барлығы алған жарақаттарынан қайтыс болғаны белгілі болды.

– Бұл қайғылы оқиға салдарынан әріптестеріміздің қаза тапқанын зор күйзеліспен хабарлаймыз, – делінген компания мәлімдемесінде.

Компания басшылығы марқұмдардың туыстарына көңіл айтып, заң мен ішкі корпоративтік бағдарламалар аясында қарастырылған сақтандыру төлемдеріне қосымша ретінде қосымша материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

– Жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қатысты барлық шығынды өз мойнымызға аламыз. Сонымен қатар марқұмдардың болуы мүмкін қарыздарын толық өтеуді қамтамасыз етеміз, – деп атап өтті компания өкілдері.

«АзияАгроФуд» акционерлік қоғамының мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның нақты себебі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар