Алматы облысындағы ауылда оқушылар әлімжеттік көрген. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарап кетті,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға Алматы облысы Іле ауданы Қараой ауылында болған.Кадрлардан бірнеше оқушы тізіліп тұрғаны, оларды белгісіз біреу соққыға жығып жатқаны көрінеді.
Алматы облысы ПД мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы заңсыз әрекеттер бейнеленген видео анықталған.
"Оқиға 2024 жылы қыркүйекте Іле ауданы Қараой ауылында болғаны белгілі болды. Бұл дерек бойынша полицияға азаматтардан арыз-шағым түскен жоқ. Қазір кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру дерегі бойынша іс тіркеліп, соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін құқықбұзушы жасөспірімнің және оқиғаны бейнетаспаға түсірген мектеп оқушысының заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді полиция.
Сонымен қатар, жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылғаны белгілі болды.
"Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға қосымша ықпал ету шараларын қабылдау туралы ұсыныс енгізілді. Кәмелетке толмағандар арасындағы мұндай зорлық-зомбылық әрекеттері қоғамдық тәртіп пен заңдылық қағидаларын өрескел бұзу саналады. Осы тәріздес құқықбұзушылықтарға қатысы бар барлық тұлға заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылады", - деп ескертті ПД өкілдері