Алматы облысында «Ұлы жебе» мемориалды кешені ашылды (фото)

Dalanews 02 жел. 2018 12:35 953

Алматы облысының Жаркент қаласында Тұңғыш Президент күніне орай және Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына байланысты «Ұлы жебе» мемориалды кешені ашылды.

Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов, Парламент Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, тарихшы ғалымдар, қаламгерлер, аудан жұртшылығы қатысты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиналған көпшілікке құттықтау сөз арнаған облыс әкімі А. Баталов:



- Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының азаттық жолындағы тарихи оқиғаларының бірі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Орбұлақ пен Аңырақайдағы тарихи маңызды жеңістер Азаттықтың ақ туы астында желбіреді», - деп, тарих толқынындағы ерлікке толы ұлы оқиғаларды дәріптеуге ерекше мән берген болатын.

Мемлекет басшысының жақында жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы да біздің ұлттық тарихымызға терең үңілуге, халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына зор құрметпен қарауға үндейді


 

Орбұлақ тарихы – сол Ұлы Дала тарихының бір парағы, - деп атап өтті. 1993 жылдан бергі Орбұлақ шайқасының зерттелуі мен оны насихаттауға арналған шаралардың бір парасына тоқтала келе, қазіргі ашылып отырған мемориалдық кешен сол іргелі істердің жемісі екенін айтты.



Облыс басшысы өз сөзінде кешеннің авторларына - Ғазиз Ешкеновке, Айдар Жамханға, Айдын Жайлаубаевқа көпшіліктің атынан алғыс айта отырып, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.

Мұнан соң Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеев, жастар атынан Ернар Ерғали сөз алып, тарихи оқиғаның маңызы, оның бүгінгі күнге берер тәлім-тәрбиесі туралы сөз қозғады.



Мемориалды кешеннің шымылдығы ашылып, шашу шашылды, жиын ән-жырмен өрнектелді.

Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналған шара аудандық Мәдениет үйінде ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты.


Онда Талас Омарбеков, Берекет Кәрібаев, Нәбижан Мұхаметханұлы сынды тарихшы ғалымдар баяндама жасап, шайқастағы әскери әдіс-тәсілдер, оған қатысқан батырлар туралы тарихи деректерді молынан сөйлетті.



Жалпы, «Ұлы жебе» мемориалдық кешені негізінен ақ мәрмәр мен граниттен дайындалды. Жобаның құны 278,6 млн. теңгені құрайды. Құрылысын жүргізген мердігер ұйым – «Kagan Engineering» ЖШС.

Мемориалды кешеннің суретшілері - Ғазиз Ешкенов пен Айдар Жамхан, мүсінші архитекторы - Айдын Жайлаубаев.



Мемориалдық кешенді тұлпарлы батырлар бейнеленген барельеф пен жоғарыға тік шаншылған жебе мен қалқан құрап тұр. 

Dalanews.kz анықтамасы: 




"Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиға.

Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өтеді. Жәңгір жоңғарлардың жолын кесу үшін білтелі мылтықпен қаруланған 600 сарбазбен қарсы аттанады.

Әлемдік соғыс өнерінің жылнамасына енуге лайық Орбұлақ шайқасында осы 600 қазақ сарбазы 50 мың жоңғар қолын тас-талқан етіп жеңеді. 600 адамның 50 мың адамды жеңуі бізге аңыз секілді көрінгенмен, шындық солай", – деп жазады e-history.kz

...

"Біздің бабалар жасаған ерлік 300 спартандықтың ерлігінен де асып түседі, анығында. Ең өкініштісі, осы 300 спартандықты көріп өскен біздің қазақтың жастары Орбұлақ шайқасындағы ерліктен хабары жоқ.

Шындап келген кезде, жауға шапқан адам саны емес, Спартадан шыққандардың саны 300 болды. Сол заманда гректер кішігірім полюстерге бөлінді.  Солардың әрбірінен жиналған әскер санын қосқанда 5 мыңға дейін барған.

Ал біздің Жәңгір хан шынымен де небәрі 600 әскерімен жауға қарсы тұрды...", – дейді жас тарихшы Азат Бақытұлы.

 

 ФОТО: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар