Алматы облысы Есік қаласының бұрынғы әкіміне қатысты сот шешім шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
egovpress Telegram-арнасы мәліметінше, Алматы облысы Есік қаласының бұрынғы әкімі Асхат Аңсатбаев балалардың қауіпсіздігіне көз жұмып, 2 миллион теңге көлемінде пара алған.
"Ол қол қоюы керек актілер 10 ойын алаңын салуға қатысты болды. Сот оған 100 миллион теңге айыппұл түрінде ауыр жаза тағайындап, үйіне жіберді. Қой ұрласа, басқа мәселе. Қылмыстық Кодекстен жемқорлық бойынша босатуды алып тастау керек", - деп жазды Telegram-арна.
Былтыр ол пара алды деген күдікке ілінді. Ол кезде жергілікті атқарушы органдардың заңсыз әрекеттері бойынша азаматтар шағымданған болатын. Осылайша жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен Алматы облысы Есік қаласының әкімі әшкереленді.
"Ол қаланың ойын алаңын абаттандыру жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты бойынша бюджет қаражатын кедергісіз төлегені үшін жеке компания өкілінен ірі мөлшерде пара алды деп күдікке ілінді", - деп хабарлады сол кезде Антикор.
Күдікті кінәсін де толық мойындаған болатын. Енді айыппұлмен сытылып отыр.
Айта кетейік, Асхат Аңсатбаев 1992 жылы 13 қыркүйекте дүниеге келген.
Еңбек жолын 2014 жылы Еңбекшіқазақ ауданының "Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі" ММ жүргізушісі болып бастаған. Ал 2022 жылғы 14 наурыздан бастап Есік қаласының әкімі қызметіне келген еді.