Алматы облысында 600 орындық жаңа мектеп ашылды

Dalanews 29 там. 2016 04:22 1109

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы облысының білім саласындағы маңызды – үш ауысымды оқу мәселесі шешілді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Соңғы жылдары Жамбыл ауданы Жаңақұрылыс ауылының тұрғындар саны артып, әлеуметтік мәселе туындаған. Мысалы, 150 балаға арналған мектепке оқушылар сыймай, үш ауысыммен оқуға мәжбүр болған. Сондықтан да жаңа оқу жылында орта білім беретін мектептің ашылуы ауыл тұрғындары үшін нағыз мереке болды.

Жаңа мектеп толығымен заманауи жабдықтармен жабдықталған. Оқу ордасының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.

Естеріңізге салайық, аймақ басшысы Премьер-министрмен кездесу барысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектеп мәселесі 2016-2017 жылдары жаңа мектептер салынған соң шешілетінін айтқан.

«Бүгінгі мектеп – осы жылдың аяғына дейін берілетін тоғыз мектептің бірі. Қалғандары келесі оқу жылдың аяғына дейін беріледі. Осылайша, облыстағы мәселе жақын арада шешіледі», - дейді облыс әкімі.

«Білімді дамыту және зияткер ұлтты қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Міне, сондықтан да, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында заманауи білім инфрақұрылымы қалыптасты», - деп баяндады аймақ басшысының бірінші орынбасары Л.Тұрлашев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар