9-11 сынып оқушылары аттестат алу үшін сынақ тапсырмайды. Жыл бойғы алған бағаларының негізінде қорытынды шыққаны белгілі. Аттестатты тапсыру рәсімі 3-4 маусым аралығында өтеді деп күтілуде.
Биыл Алматы облысы бойынша 1177 оқушы «Алтын белгі» иегері, 851 «Үздік аттестат» иесі атанып отыр. Ағымдағы жылы 15256 оқушы алтын ұясымен қоштасты. Олардың ішінде 11589-ы ҰБТ тапсыруға өтініш берген.
Ұлттық бірыңғай текстілеуге өтініш беру 15 сәуір мен 10 мамыр аралығында онлайн форматта өткізілгені белгілі.
Өңірде ҰБТ тапсыруға арналған 16 орын жұмыс істейді деп күтілуде. Қазіргі таңда сынақ тапсыру орындар қажетті техникалық талаптарға сәйкес жабдықталған.
Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы өзгеріссіз қалады. Әдеттегідей қағаз түрінде өткізіледі. Тест 5 пәннен тұрады. Олар – Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, таңдау бойынша 2 негізгі пән.
ҰБТ тапсыру уақыты 3 сағат 50 минутты құрайды.
Сынақ 20 маусымнан 5 шілдеге дейін жалғасады. ҰБТ қатаң санитарлық ережелерге сәйкес өткізу де жоспарлануда.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 «Жоғары білім үшін ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес 2017 жылдан бері жергілікті әкімдіктер білім беру гранттарын беріп келеді.
Айталық, 2017 жылы – 100, 2018 жылы – 106, 2019 жылы облыстық бюджеттен 250 білім гранты бөлінді, оның 79-ы көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары ие болған болатын. Биыл Алматы облысы әкімдігі жергілікті бюджеттен 200 білім грантын бөлу жоспарлап отыр.
Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.