Алматы әкімдігі жалған ақпарат таратқан адамды полицияға тапсыратынын мәлімдеді

Көркем Алдабергенова 06 қыр. 2024 09:45 1853

Алматы әкімдігі жалған ақпарат таратқан адамды полицияға тапсыратынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Әңгіме Ерболат Досаевтың көмекшісі туралы жалған ақпарат таратқандар туралы болмақ. Себебі желіде Алматы әкімі көмекшісінің ұсталғаны туралы жалған ақпарат таралып жатыр, бұл хабарламаға Алматы облысы Іле ауданы әкімінің фотосы көрсетілген.

"Осыған байланысты Алматы қаласының әкімдігі жалған ақпарат таратқандарды анықтау үшін құқық қорғау органдарына жүгінетінін мәлімдейді. Еске салайық, заңнамаға сәйкес, жалған ақпарат таратқандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін", - делінген әкімдіктің хабарламасында.

Айта кетейік, 4 қыркүйекте Алматы облысында Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев ұсталған болатын. Алматы облысының Прокуратурасының мәліметінше, Іле ауданындағы қоқыс полигонының қызметін бірлесіп тексеру нәтижесінде әкім сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен қамауға алынды.

"Алматы облысының прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Іле ауданында орналасқан қоқыс полигонын тексеру жұмыстарын аяқтады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 2024 жылғы 3 қыркүйекте Қарасаев Қылмыстық-процестік кодексінің 128-131-баптарына сәйкес сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша күдікпен ұсталды. Оған кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және оларды теріс пайдалану айыптары тағылып отыр, бұл мемлекеттің мүдделеріне зиян келтірген", - деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.

4 қыркүйекте прокуратура прокуратура бұлтартпау шарасын қарау және санкциялау үшін қылмыстық іс материалдарын сотқа жіберді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар