Алматы әкімдігі экологиялық ахуалды қалай жақсартпақ?

Сағыныш Сардарова 24 қыр. 2025 15:27

Алматыда ауаны жақсарту және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында кешенді шаралар қолға алынды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алғаш рет алматылық агломерацияда ластаушы заттардың рұқсат етілген деңгейіне зерттеу жүргізілді. Оған қала аумағымен бірге 10 шақырымдық радиустағы көлік, жеке үйлер мен моншалар да енгізілді. Нәтижесінде жылына 225 мың тоннадан аса шығарынды тіркелген, оның 189 мыңы Алматыға тиесілі. Ластанудың 60%-ға жуығы көліктен келеді.

"Қалада күн сайын 1,1 млн-нан аса көлік жүреді. 2030 жылға қарай Алматы халқы 2,5 млн адамға жетіп, әр мың тұрғынға 311 көліктен келмек. Бұл жағдай қоғамдық көлікті – метро, LRT, BRT, аспалы жолдар және өзге бағыттарды жедел дамыту қажеттігін көрсетеді", – деді Алмасхан Сматлаев.

2025 жылдан бастап көлік шығарындыларына қатысты заңнама күшейтілді: енді шектен тыс ластауға ескерту жасалмайды, бірден айыппұл салынады.

Қайталанған жағдайда жеке тұлғаларға – 10 АЕК, заңды тұлғаларға – 100 АЕК, ал өрескел заңбұзушылық үшін тиісінше 20 және 200 АЕК айыппұл қарастырылған.

Алматы әкімдігі мәліметінше, қазір атмосфералық ауаны қорғау ережелерінің жобасы дайындалып жатыр. Құжат тиісті органдармен келісілген соң жыл соңына дейін Мәслихаттың қарауына ұсынылады.

Ол қаладағы экологиялық қауіпсіздікті арттыруға, тұрғындарға таза әрі қолайлы орта қалыптастыруға және ауаның ластануын азайтуға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар