Әлеуметтік желіде Абай облысы мен Шығыс Қазақстандағы жерлердің бүлініп жатқаны туралы видео тарады

Әлеуметтік желіде Абай облысы мен Шығыс Қазақстандағы жерлердің бүлініп жатқаны туралы видео тарады
Фото: видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Абай облысы мен Шығыс Қазақстан аумағында түсірілген видео қызу талқыланып жатыр. Жазба авторлары табиғи аумақтарда жүргізіліп жатқан жұмыстар салдарынан жайылымдар мен жер бедері бүлініп жатқанын айтып дабыл қақты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Cero.kz парақшасында жарияланған жазбада бейнежазба 1 маусым күні Бозанбай, Самар және Көкпекті ауылдарының маңында түсірілгені айтылған.

"Біз басқа елден келген адамдарға қарсы емеспіз. Бірақ Қазақстанның табиғатына зиян келтіретін әрекеттерге көз жұма қарай алмаймыз. Мыңдаған гектар жер бүлініп жатыр. Егер мұндай жағдай жалғаса берсе, болашақ ұрпаққа табиғаты тозған жер қалуы мүмкін", – дейді жазба авторлары.

Видеоны түсірген азамат та табиғи аумақтардың бүлініп жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірген.

"Пайда табуды көздеген адамдар даламыз бен тауларымызды қазып жатыр. Жайылымдық жерлер бүлінуде. Осындай әрекеттер жалғаса берсе, мал жаятын жер азайып кетуі мүмкін", – дейді ол.

Сондай-ақ автор көліктердің бірінде Қытай азаматтары болғанын алға тартқан. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Қазіргі уақытта видеода көрсетілген аумақта заң бұзушылықтың болған-болмағаны жөнінде құзырлы органдар тарапынан ресми түсініктеме жарияланбады.