Freedom Inside '26

Алаяқтық ісі бойынша іздеуде жүрген ресейлік азамат Алматыда ұсталды

Алаяқтық ісі бойынша іздеуде жүрген ресейлік азамат Алматыда ұсталды

Алаяқтық фактісі бойынша халықаралық іздеуде жүрген Ресей азаматы Алматы қаласында ұсталды, деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсы.

«Алматы қалалық Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген Ресей Федерациясының азаматын ұстады. Іздеу Ресей Федерациясының Краснодар өлкесі бойынша Федералдық қауіпсіздік қызметі басқармасының бастамасымен жарияланған», – делінген хабарламада.

Ұсталған азамат ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Бар деректерге сүйенсек, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 23 миллион рубльден асады.

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің мүмкін орналасқан жері туралы ақпарат алынды. Алматы полиция бөлімшелерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде ол ұсталды. Қазіргі таңда уақытша ұстау изоляторына қамалды және оған қатысты экстрадициялау рәсімі басталды, – деді Алматы қаласы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Асхат Дәулетияров.