Алаяқтарға сенген зейнеткерлер банкке жарылғыш салынған торт апарған

Алаяқтарға сенген зейнеткерлер банкке жарылғыш салынған торт апарған
Фото: kazakh_inform

Павлодарда телефон алаяқтарының арбауына түскен екі зейнеткер банк бөлімшесіне ішіне петарда жасырылған торт әкеліп, оны іске қосқан. Салдарынан өздері жеңіл жарақат алған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Полицияның мәліметінше, аталған азаматтар бұған дейін де алаяқтардың құрбаны болып, жинаған қаражатын жалған инвестициялық жобаларға салып жіберген. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары ақша аударылған дропперлерді анықтап, оларды жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ сот арқылы жәбірленушілердің қаражатын қайтару шаралары қолға алынған.

Алайда араға уақыт салып алаяқтар зейнеткерлермен қайта байланысқа шыққан. Бұл жолы олар жоғалған ақшаны қайтаруға көмектесетінін айтып сендіріп, торт сатып алып, оның ішіне петарда орнатуды тапсырған.

Алаяқтардың нұсқауын бұлжытпай орындаған зейнеткерлер тортты банк бөлімшесіне апарып, пиротехникалық құрылғыны іске қосқан.

Оқиға салдарынан екі зейнеткер жеңіл жарақат алған. Абырой болғанда, басқа зардап шеккендер жоқ.

Аталған факі бойынша полиция бірнеше қылмыстық іс қозғады. Сонымен қатар құқық қорғау органдары азаматтарды өзін банк қызметкері, полиция немесе өзге мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырған бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамауға шақырды.