Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жол апатында қаза тапқан қыздың соңғы видеосы жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Елдің назарын аударған істі адвокат Мейірман Шекеев өз қолына алған. Ол марқұмның соңғы видеосын да жариялады.

"Жол апатынан қайтыс болған қарындасымыздың ағасы көмекке жүгініп, бұл істі өз өндірісіме алдым. Құмар соңғы күні үйден шыққанда иті бірнәрсені сезгендей көлігінің алдына тұрып алып, жібермей қойған екен. Әрең дегенде шығып кеткен екен. Ағасының айтуынша, бірнеше сағаттан кейін қарындасынан айырылыпты. Бұл оқиға көптің қабырғасын қайыстырған соң тегін көмек беруге бел будым. Өйткені бұл - бір отбасының емес, қоғамның қайғысы. Құмардың анасының жағдайын көру маған оңай болмады. Құмардың ағасы "күдіктіні кешірмеймін, себебі кешірсем ол басқа да адамның өмірін қиюы мүмкін ғой" дегенді жеткізді. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын", - деді заңгер.
Еске салайық, қайғылы оқиға 21 наурызда Алматыда әл-Фараби даңғылында болды. Жол апаты салдарынан үш адам көз жұмды.
Кейінірек әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша қылмыстық істер қозғалды.
