Әл-Фарабидегі адам өліміне әкелген жол апатына кінәлі тұлға рақымшылыққа ілінбейді – ІІМ

Әл-Фарабидегі адам өліміне әкелген жол апатына кінәлі тұлға рақымшылыққа ілінбейді – ІІМ
Ашық дереккөз.

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында бірнеше адамның өмірін қиған резонансты жол-көлік оқиғасы бойынша айыпталған азаматқа рақымшылық қолданылмайды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі аталған іс бойынша тергеуді толық аяқтап, материалдарды сотқа жолдаған.

«Ішкі істер министрлігі жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету бойынша өз міндетін толық көлемде орындады. Қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды. Оған қатысты рақымшылық қолданылмайды. Тараптардың татуласуы да мүмкін емес», - деді Әділов.

Министрдің орынбасары бұл қылмыс ауыр санаттағы құқық бұзушылықтарға жататындықтан, заң бойынша тараптардың татуласуына жол берілмейтінін түсіндірді.

Сонымен бірге ол күдіктінің жәбірленушілерге келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеуі немесе қарсы тараптың өтініш беруі сот үкіміне әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Алайда мұндай жағдайлар қылмыстық жауапкершіліктен босатуға негіз болмайды.

«Бұл қылмыстық іс ауыр санатқа жатады. Сондықтан мұндай істер бойынша татуласу қарастырылмаған. Дегенмен қарсы тараптың өтініші, келтірілген материалдық және моральдық шығынның өтелуі жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілуі мүмкін», - деді министрдің орынбасары.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апаты қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Тергеу мәліметінше, жоғары жылдамдықпен қозғалған көлік жол апатына ұшырап, салдарынан бірнеше адам қаза тапқан.