Әкімі Қоғамдық кеңес мүшелеріне есеп берді

Dalanews 16 сәу. 2019 05:00 789

Алматы облысында бүгінгі күні дәнді дақылдардың 85%-ы, көкөністердің 81%-ы, картоптың 67%-ы жиналды. Қант қызылшасын жинау басталып, 577 мың тонна шикізат пен 50 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Талдықорғандағы Тіл сарайында өткен Қоғамдық кеңестің жиынында облыс әкімі Амандық Баталов айтты. Осы басқосуда облыс басшысы 2019 жылдың сегіз айының қорытындылары туралы есеп берді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Амандық Баталовтың айтуынша, сегіз ай ішінде облыс экономикасын қарқынды дамыту шараларын атқарудың арқасында өнеркәсіпте – 2,8%, ауыл шаруашылығында – 2,4%, саудада 4% өсімге қол жеткізілді. Жоспарланған жылдық тұрғын үй көлемінің 70% – 550 мың шаршы метрді іске қосқан. Бұл өткен жылға қарағанда 21%-ға артық. Жыл басынан бері 3,3% өсіммен 305,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Жалпы, облыстың инвестициялық портфелі 39 мың жұмыс орнын құратын, жалпы құны 5,5 трлн теңгеден асатын 388 жобаны қамтиды. Биылғы жылы 189 млрд теңгеге 41 нысан іске қосылады.

Ал өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамытуда тоғыз басым бағыт анықталған. Біріншіден, бұл – суармалы егіншілікті дамыту. Бүгінгі таңда Ескелді, Алакөл, Ақсу, Көксу аудандарында Ислам Даму банкінің қаражаты есебінен қалпына келтіру жұмыстары басталды.


Жалпы, облыс бойынша 138 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарланып отыр, оның 39 мың гектары биылғы жылы қалпына келтіріледі. Осы жылы егіс көлемі 961 мың гектарды құрады. Оның ішінде қант қызылшасы 14 мың гектарға, жүгері 82 мың гектарға жеткізілді. Райымбек ауданында 600 гектар жерге картоптың элиталық сортының тұқымы себілді. Шаруаларға көмекке облыс бойынша барлығы 45 сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді, онда мыңнан астам бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар.

Өз сөзінде облыс басшысы мал шаруашылығының аяқ алысына да тоқталып өтті. Мәселен, бүгінгі күні 68,4 мың басқа арналған 100 бордақылау алаңы жұмыс істейді, оның ішінде биылғы жылы 3,7 мың басқа арналған бес бордақылау алаңы құрылды.

Жоспарланған 2 мың тонна ірі қара мал етінің 1300 тоннасы экспортталды. Сондай-ақ 1,9 мың басқа арналған төрт сүт-тауар фермасы ашылды, барлығы 22 мың басқа арналған 72 сүт-тауар фермасы жұмыс істеп тұр.


Облыс әкімі А.Баталов әлеуметтік саланы дамыту шараларына да тоқталды. Соның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу ісі де сөз болды.

Амандық Баталов өңір экономикасын өркендетудегі шағын және орта бизнестің рөлін де атап өтті. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде облыста 123 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, оларда 245 мың адам жұмыспен қамтылған. Онда өндіретін өнімдер мен көрсетілген қызметтердің жылдық көлемі 1,3 трлн теңгеден асты.

Сонымен бірге өңірдегі ТҮКШ, инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Ауылдық жерлерде тұруға қолайлы жағдай жасауға да баса көңіл бөлініп отыр. Мәселен, осы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жеті аудан орталығында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жөндеу бойынша 7 млрд теңгеге 43 жоба іске асырылуда.

Қоғамдық кеңес мүшелері баяндамашының сөзінен кейін өңір басшысына мал шаруашылығын дамыту, ет өңдеу, облыс орталығын көркейту, жол жөндеу жұмыстарының сапасы, жабайы сауданы болдырмау, қоқыс шығару және басқа да мәселелер туралы ұсыныстар мен пікірлерін жеткізді. Амандық Баталов барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, «Ерлік» қимыл-қозғалысы кем мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Ақжаркенованың Талдықорғанда мүгедек жандарға арналған оңалту орталығын ашу туралы ұсынысын қолдайтынын айтты.

– Сіздермен кездесуім әрқашан өзара еркін пікір алмасу түрінде өтеді,  осы жолғы кездесу де пайдалы болды ғой деп ойлаймын. Барлығыңызға қолдау танытқандарыңыз үшін, белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін алғыс айтамын. Біз бірлесе жұмыс істегенде ғана өңір экономикасын дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Нұр Отан» партиясының 18-съезінде Елбасы жүктеген міндеттерді орындап, Президенттің  тапсырмаларын табысты жүзеге асыра аламыз, – деді А.Баталов.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар