Биылдан бастап «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданып, нәтижесінде өзін-өзі басқару жүйесі түбегейлі жаңартылатын болады. Атап айтқанда, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтердің дербес бюджеті мен коммуналды меншігі пайда болмақ. Өзін-өзі басқару дыдамыту «100 нақты қадам» - Ұлт жоспары аясында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырманың бірі екені белгілі.
Сонымен, Ұлттық экономика министрлігі тарапынан нақты не істелмек? 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғындар саны 2 мың адамнан асатын ауылдардың өз бюджеті болады. Бұл еліміздегі 1066 ауыл. Ал 2020 жылдан бастап барлық 2444 елді-мекен дербес бюджетін құрып, оны өздері басқаруға мүмкіндік алады. Ал қаржының жұмсалуын ауыл тұрғындарының өздері қадағалайтын болады.
– Бұл біріншіден – жеделдік. Ауыл әкімі бұрынғыдай ауданнан қаржы күтіп отырмайды. Екіншіден – ашықтық. Ауыл әкімі жергілікті тұрғындардан құралған Кеңестің келісімінсіз бір тиын да жұмсай алмайды. Үшіншіден – тиімділік. Ауыл тұрғындары шешімін таппай жатқан көкейкесті мәселелерін өзгелерден жақсы біледі. Демек, ауыл зиялысының үні естілетін болады, – деп кесіп айтты, форумға қатысқан Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов.
Өз кезегінде форум жұмысын ашқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы елді-мекендердің өзгерістерге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа жылдан бастап Ақтөбе облысында дербес бюджет халық саны 6 аудандық маңызы бар қалаларда және 43 ауылдық округтерде енгізіледі.
– Ауыл тұрғындары салықтың қайда кетіп жатқанынан хабардар болып отырады. Аудан әкімі ауылдың шешімін таппай жатқан мәселелерін шешуде қаржының жоқтығын айтып жалтара алмайды. Жергілікті ауыл кеңесі кез келген сәтте қаржының қайда жұмсалғанын тексере алады, – деді Бердібек Сапарбаев.
Ақтөбе облысында осы жылдың 9 айында жергілікті өзін-өзі басқару қазынасына 632 млн. теңге жиналған. Соның арқасында ауыл тұрғындары балалар алаңшасын жасап, көшелерді жарықтандырып алыпты.
Бұны естіген ауыл әкімдері бір желпініп қалды. Енді ауыл әкімі қаржы бөлінетін кез келген істе ауданға жалтақтамай, өз ауылының үлкендерімен, ақсақалдармен ақылдасып отырмақ. Яғни, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту – нақты халық билігіне жол ашады.
Форум барысында Ұлттық экономика министрлігіне ауыл бюджеті неден құралады деген сұрақтар түсті. Оны да ұйымдастырушылар бүге-шігесіне дейін жіліктеп түсіндіріп берді.
Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті салықтық және салықтан тыс түсімдерден құралады. Салықтық түсімдер:
- төлем көзінен салық алынбайтын жеке табыс салығы;
- жеке тұлғалардың мүлік салығы;
- жеке және заңды тұлғалардың көлік салығы;
- елді-мекен аумағына жататын жеке және заңды тұлғалардың жеріне салынатын жер салығы;
- ауыл аймағында өтетін автомобиль жолдары бойында визуалды жарнаманы орналастырудың салықтық төлемі;
Салықтық емес түсімдер:
- мемлекеттік мүлікті жалға беруден алынатын табыс;
- коммуналды меншікті сатудан алынатын табыс;
- жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналары;
- «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі аясында қарастырылған әкімдер тарапынан алынатын айыппұлдар;
- аудандық бюджеттен алынатын трансферттер.
Аталмыш тізімге бір қосарымыз, заң аясында ауыл бюджеті шығындала алатын шығынның 19 түрі айқындалған. Сонымен бірге, жергілікті басқарудың өз коммуналды меншігі болады. Ауыл әкімдері, сол меншікті ауыл тұрғындарымен бірге кеңесе отырып, қалай тиімді пайдалану керектігін өздері шешпек.
Форум соңында ауыл әкімдері үшін бюджетті қалай тиімді басқару, есеп беру және коммуналды меншікпен жұмыс жөнінде практикалық семинарлар өткізілді.