Көлік прокуратурасының тексерісінен кейін жолаушылар тасымалына қатысты конкурстық рәсімдерде заңбұзушылықтарға жол берген 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Көлік прокуратурасы тұрақты облысаралық, қалааралық және ауданішілік жолаушылар тасымалы бағыттарына қызмет көрсету құқығын беру бойынша өткізілген конкурстардың заңдылығына талдау жүргізген.
Тексеру барысында бірқатар өңірде конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру кезінде қатысушыларға заңсыз кедергілер жасалғаны анықталды. Сонымен қатар кейбір тасымалдаушыларға негізсіз артықшылықтар берілген.
Прокуратура мұндай әрекеттер заңнама талаптары мен адал бәсекелестік қағидаттарының бұзылуына әкелгенін анықтады.
Прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде 10 лауазымды тұлға, оның ішінде облыс әкімінің орынбасары және жергілікті атқарушы органдардың бірқатар басшысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Оларға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалды. Қалған лауазымды тұлғаларға сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Жолаушылар тасымалы саласындағы заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасып жатыр.