Айтыс ақыны, сазгер, журналист, филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің журналистика тарихы кафедрасының аға оқытушысы Бекжан Әшірбаев дүниеден өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы оның жақындары мен әріптестері әлеуметтік желідегі жазбаларында хабарлады.
«Жүрегі қазақ деп соққан, ірі азамат еді. Елуінен енді ғана асқанда бәрін тәрк етіп кете барды… Бекжан Әшірбаев ағамыз ұлттық руханият алыбының бірі болатын. Арманы көп еді, ғылыми диссертациясын да бүгін-ертең қорғалы жүрген-тұғын. Жеткізбеді ғой… Қош, аға!» – деп жазылған көңіл айту жазбасында.
Бекжан Әшірбаев 1974 жылы Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы «Ленин жолы» ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін тәмамдап, журналистика факультетінің журналистика тарихы кафедрасына оқытушы болып жұмысқа орналасқан.
2001 жылы «Қазақ университеті» газетінің редакторы, 2008 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған.
Бекжан Әшірбаев 1989 жылдан бері республикалық ақындар айтысына қатысып, қазақтың айтыс өнері мен ұлттық руханиятына өзіндік үлес қосты.
Оның қазасына байланысты әлеуметтік желі қолданушылары көңіл айтып, марқұмның ғылыми, шығармашылық және журналистік еңбегін еске алуда.