Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықаралық музыкалық байқауларда жеңіске жеткен қазақстандық жас өнерпаздармен кездесті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кездесуге «Витебскідегі славян базары» халықаралық фестивалінің жеңімпаздары Ақерке Амалят, Жасмина Түзелова, сондай-ақ Италиядағы халықаралық байқауда топ жарған жас виолончельші Ален Бәсен, олардың ата-аналары мен ұстаздары қатысты.
Аида Балаева Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Оның айтуынша, мәдениет пен өнер жас ұрпақты тәрбиелеуде және ұлттық бірегейлікті нығайтуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан дарынды балаларды қолдау – елдің болашағына салынған инвестиция.
Министр халықаралық сахнада жоғары нәтиже көрсеткен жас өнерпаздардың жетістігі олардың талантымен қатар, ұстаздарының кәсіби еңбегі мен ата-аналарының қолдауының жемісі екенін айтты.
Биыл Ақерке Амалят «Витебскідегі славян базары» XXXV халықаралық өнер фестивалінің эстрадалық ән орындаушылар байқауында І орын иеленіп, «Лира» арнайы сыйлығын жеңіп алды.
Ал Жасмина Түзелова осы фестивальдің балалар байқауында ІІ орынға ие болды. Сондай-ақ оған авторлық ән жазуға мүмкіндік беретін арнайы сертификат табысталды.
Ален Бәсен Италияда өткен Rovere d’Oro XXXVII халықаралық музыка байқауында «Жас таланттар» аталымының өз жас санатында 100 ұпайдың 100-ін жинап, Primo Premio Assoluto бас жүлдесін жеңіп алды.
Кездесу барысында халықаралық байқаулар жеңімпаздарының ұстаздары мен ата-аналарының еңбегі де ерекше аталып өтті. Жас өнерпаздар халықаралық додалардан алған әсерлерімен бөлісіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жаңа жетістіктерге жігерлендіретінін айтты.