Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде жаңғыртылған «Арт-зертхана» музейлік көркемсурет студиясы таныстырылды. Мұнда жыл сайын 3 мыңға жуық бала мен ересек шығармашылықпен айналыса алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Ә. Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова, еліміздің мәдениет және өнер қайраткерлері, шеберлер мен музейлік көркемсурет студиясының шәкірттері қатысты.
«Арт-зертхана» – музей педагогикасы аясында 2007 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Ұлттық өнер музейінің шығармашылық-білім беру жобасы. Оның басты мақсаты – балалардың, жасөспірімдердің, жастар мен ересектердің бейнелеу өнеріне қызығушылығын арттырып, шығармашылық әлеуетін ашу.
Кәсіби суретші-педагогтердің жетекшілігімен академиялық сурет, кескіндеме, композиция, графика, сәндік-қолданбалы өнер және шығармашылық ізденістің түрлі бағыттары бойынша сабақтар өткізіледі. Жоба жүзеге асырылған уақыттан бері студияда 10 мыңнан астам бала мен жасөспірім білім алды.
Сонымен қатар студия ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған шығармашылық бағдарламаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, инклюзивті музейлік білім беру қағидаттарын дамытуға үлес қосып келеді.
Жаңғыртылған жобаның таныстырылымында Аида Балаева өнерді дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету, жастарды шығармашылыққа баулу және олардың қабілетін ашуға қолайлы жағдай жасау мәдениет саясатының маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы мәдениет саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Саланы қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың арқасында бүгінде нақты нәтижелерге қол жеткіздік. 2025 жылы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі мен Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне, ал 2026 жылы Ұлттық музейге «Ұлттық» мәртебесі берілді. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша былтыр «Самұрық-Қазына» қоры Қастеев музейінде ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізді. «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағының тағайындалуы да маңызды шешімнің бірі болды. Бұл отандық бейнелеу өнерінің қоғамдағы орнына берілген жоғары баға әрі өз ісіне адалдықпен қызмет етіп келе жатқан суретшілердің көпжылдық еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мәдениет саласының барша өкілдерінің және жеке өзімнің атымнан Мемлекет басшысына салаға көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Премьер-министрдің орынбасары.
«Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асырылған жоба аясында музейдің шығармашылық кеңістігі жаңғыртылды. Аумағы 110 шаршы метрден асатын зертхана кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы өнер сабақтарын өткізуге арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар студияда шығармашылық жұмыстарды таныстыруға арналған, заманауи фотоаппаратурамен жабдықталған арнайы фотокеңістік құрылды. Бұл шәкірттерге өз туындыларын кәсіби деңгейде таныстырып, шығармашылық жетістіктерін цифрлық кеңістікте кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда 5 пен 17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған шеберлік сабақтары, шығармашылық практикумдар және табиғат аясындағы сурет салу сабақтары өткізіледі.
«Арт-зертхана» жас дарындар бас қосатын шығармашылық ортаға айналып, олардың дамуына және тың ізденістеріне жаңа мүмкіндіктер береді деп сенемін. «Самұрық-Қазына» үшін мәдениетті қолдау – ұлттық мұрамызды сақтауға және заманауи мәдени ортаны дамытуға қосылған үлес», – деді Нұрлан Жақыпов.
Айта кетейік, студия шығармашылық қабілеті жоғары балалар мен жастарды қолдауға, олардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына ерекше көңіл бөледі. Дарынды шәкірттерді жоғары және орта арнаулы көркемөнер оқу орындарына түсуге даярлап, шығармашылық әлеуетінің дамуына және болашақ суретші ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Іс-шара аясында қонақтарға музейдің цифрлық порталы да таныстырылды. Жаңғыртылған порталдың қолданысы барынша ыңғайлы әрі инклюзивті бола түсті. Енді келушілер музей коллекциясы мен көрмелерін онлайн тамашалай алады. Ал 3D-тур кез келген жерден музей кеңістігіне виртуалды саяхат жасап, экспозициялармен танысуға мүмкіндік береді.