Марқұм Шерзат Болаттың отбасы күдіктілерден қанша теңге өндіруді сұрағаны белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Адвокат Мейірман Шекеевтің сөзінше, біріншіден, Шынасыл Абзалдан Қаржаубай Нұрымовтың пайдасына ұлының жерлеу рәсімімен қатысты жұмсалған шығынның өтемі ретінде 2 794 000 (екі миллион жеті жүз тоқсан төрт мың) теңге мөлшеріндегі соманы өндірілді.
Шынасыл Абзал Нұрғалиұлынан және Сакиев Равиль Магомедовичтен ортақтастырып үлестіріп, Нурумов Қаржаубай Полатовичтің, Бейшембиева Гүлбара Асылбековнаның, Қадырова Жұмабике Жолдасованың пайдасына қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген моральдық зиянның өтемі ретінде 100 000 000 (жүз миллион) теңге мөлшеріндегі өтемақы өндіруді.
Ал Белқожаев Шыңғыс, Әскентай Дархан, Ильясов Нұрқияс, Тоқтаубаев Азамат, Тоқтаубаев Нұрболат, Қалиахмет Дидардан ортақтастырып үлестік түрде Нурумов Қаржаубай Полатовичтің, Бейшембиева Гүлбара Асылбековнаның, Қадырова Жұмабике Жолдасованың пайдасына қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген моральдық зиянның өтемі ретінде 120 000 000 (жүз жиырма миллион) теңге мөлшеріндегі өтемақы өндіруді сұрады.
Адвокаттың сөзінше, өтемақы мөлшері психологиялық зерттеу қорытындысының негізінде сұралып отыр.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.