«Әділет» партиясы Түркістан облысында аймақты дамыту және бизнесті қолдау бағдарламасын ұсынды

«Әділет» партиясы Түркістан облысында аймақты дамыту және бизнесті қолдау бағдарламасын ұсынды
Adilet Partiyasy

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Түркістан облысындағы жұмыс сапарын жергілікті тұрғындармен кездесулерден бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кездесу тақырыптары ауылды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жастарға мүмкіндік жасау, тарихи-мәдени мұраны сақтау және әр азамат үшін әділетті қоғам қалыптастыру сынды бүгінгі қоғамның өзекті мәселелеріне арналды.

Алғашқы бекет облыс орталығындағы Конгресс-холл болды. Онда партия өкілдері зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, қолөнершілер, қарапайым шаруалар және жастармен жүздесті. Онда партия төрағасының орынбасары, Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі тұжырымдамасын таныстырды.

Оның айтуынша, құжатта 7 стратегиялық мақсат пен 10 негізгі басымдық айқындалған. Әсіресе, адам мен оның құқықтары, қадір-қасиеті және жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау бағдарламаның өзегі болып табылады. Ең басты міндеттердің бірі – әр азаматтың еңбегі, білімі мен жауапкершілігі арқылы табысқа жетуіне мүмкіндік беретін мүмкіндіктер экономикасын қалыптастыру.

Ашық әрі еркін пікір алмасу форматында өткен жиында қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын жеткізді. Штаб өкілдері Түркістанның рухани мұрасын сақтау мәселесінде ұлттық мәдени кодты қорғау партия саясатының басым бағыттарының бірі екенін ерекшелеп айтты. Осыған байланысты киелі орындарды жүйелі қорғау, рухани-ағартушылық жобаларды дамыту және халықтың тарихи жадын сақтап отырған қолөнершілердің құқықтық мәртебесін айқындайтын арнайы заң қабылдау жоспарланып отыр.

Жастарды қолдау, жұмыспен қамту және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелеріне қатысты партия өкілдері 1 миллион сапалы жұмыс орнын ашу, жасанды интеллект саласында 100 мың маман даярлау, TUMO инновациялық орталықтары мен инженерлік мектептер ашу жоспарларымен таныс етті. Сонымен қатар ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру және жастардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту көзделген.

Ауыз су, газдандыру, жолдарды жөндеу және жайылым жерлердің тапшылығы сияқты өзекті инфрақұрылымдық мәселелерді партия өкілдері цифрлық теңге тетігі арқылы қатаң цифрлық бақылауға алуға ниетті екендерін жеткізді.

Өз кезегінде өңір тұрғындары да өздерін толғандырған сауалдарға жан-жақты жауап алып, саяси ұйымға қолдауларын білдіріп жатты.

«Әділет» партиясының төрағасы, республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Айбек Дәдебайдың айтуынша, Түркістан – рухани және экономикалық әлеуеті өте жоғары өңір. Оның пікірінше, бүгінгі ашық диалог тұрғындардың оң өзгерістерге деген сенімінің жоғары екенін көрсетті.

«Біз орындалмайтын уәде бермейміз, орындалатын міндеттерді мойынымызға аламыз. Партиямыз халықпен еркін сұхбат өткізуге дайын. Осы залда жақсы пікірлер айтылды. Өткір сұрақтар қойылды. Осылай еркін пікір алмасу – біз үшін өте маңызды. Өйткені халықпен ашық сөйлеспейтін саясаттың болашағы болмайды. Осында айтылған әр ұсынысты алдағы жұмысымыздың бағытына айналдырамыз», – деді Айбек Дәдебай.

Сондай-ақ, партия ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту және тәрбиеленушілері жоғары нәтиже көрсеткен жаттықтырушыларға ынталандыру үстемақысын енгізуді ұсынады.

Еске салайық, «Әділет» партиясының Құрылтай депутаттарын сайлау науқанына ресми түрде қатысуы 23 шілде күні Астанада басталды. Қазір еліміз бойынша 20 өңірлік, 226 аумақтық штаб жұмыс істеп, партияның шамамен 30 мың сенімді өкілі сайлауалды жұмыстарға тартылған. «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының толық мәтінімен партияның ресми сайтында танысуға болады.

Сайлауалды бағдарламаның толық мәтінін "Әділет" партиясының сайтынан оқи аласыздар

Дайындаған:

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі. «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.