«Әділ сөз» журналистерге жасалған кибершабуылдарды тоқтатуға шақырды

«Әділ сөз» журналистерге жасалған кибершабуылдарды тоқтатуға шақырды
pixabay.com

«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қарсы кибершабуылдар мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұғаттау оқиғаларына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қордың мәліметінше, соңғы айларда бірқатар тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің сайттары кибершабуылдарға ұшырап, әлеуметтік желілердегі аккаунттары бұғатталған немесе олардың жұмысына жаппай шағымдар арқылы кедергі келтірілген.

Атап айтқанда, «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық ұйымының сайтына кибершабуыл жасалып, әлеуметтік желідегі парақшалары бұғатталған. Ал 2026 жылдың ақпанында қордың YouTube арнасы жойылған.

19-21 шілде аралығында ҚазТАГ ақпарат агенттігінің сайты да кибершабуылдарға ұшырады.

23 шілдеде YouTube платформасында журналист Динара Егеубаеваның атынан жалған DINARION арнасы ашылып, онда жасанды интеллект көмегімен дайындалған бейнероликтер жарияланған. 26 шілде күні таңертең журналистің Instagram және Facebook аккаунттарына қолжетімділік уақытша шектеліп, кейін қайта қалпына келтірілді.

Сондай-ақ Telegram мессенджерінде журналист Вадим Борейконың атынан жалған хабарламалар тарап, онда қаржылай көмек сұрау және уран кеніштеріне жұмысқа шақыру туралы ақпарат жарияланған.

«Республика» басылымының мәліметінше, 10 шілдеден бері олардың YouTube арнасына жаппай шағым түсіп, соның салдарынан тоғыз бейнеролик өшірілген. Басылымның әлеуметтік желідегі парақшалары мен бас редактор Ирина Петрушованың жарияланымдары да бірнеше рет бұғатталған. Сонымен қатар оның WhatsApp аккаунтына да шектеу қойылған.

Журналист Лұқпан Ахмедьяров өзінің «Просто журналистика» жобасы авторлық құқықты бұзды деген шағымдардан кейін үнемі бұғатталатынын, ал ресми парақшаларының көшірмелері пайда болатынын мәлімдеген. Оның бірнеше WhatsApp нөмірі де бұғатталған.

Киевте тұратын журналист Наталья Садыкова да жеке парақшалары мен «БАСЕ» жобасының аккаунттары соңғы екі жыл бойы түрлі шабуылдарға ұшырап келе жатқанын хабарлаған.

Әлеуметтік желілердегі аккаунттарының бұғатталғаны туралы «Уральская неделя» бас редакторы Тамара Еслямова, журналистер Әсем Жапишева, Мұрат Данияр, сондай-ақ Elmedia редакциясы да мәлімдеген.

«Әділ сөз» қорының хабарлауынша, «Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық ұйымы бұл жағдайды «Орталық Азиядағы тәуелсіз журналистер мен медианың қорқынышты ахуалы» деп бағалап, әлеуметтік желілердегі жүйелі мәселелер цензураның күшеюіне жол ашып отырғанын атап өткен.