Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа батыл да ашық үндеу жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Видеода Ангелина президенттен өзінің жетістіктеріне назар аударып, абсолютті әлем чемпионы атану жолындағы мақсатына қолдау көрсетуін сұрады.
“Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Кейінгі бірнеше жылда бір қиын жағдайға тап болдым. Еліміздегі кейбір ақпарат құралдары тарапынан маған қарсы мақсатты түрде ақпараттық шабуылдар жасалды. Жеңістерімді елемей, жетістіктерімді жоққа шығаруға тырысты. Мұның бәрі сіз, құрметті ел Президенті менің жеңістерімнен хабарсыз қалуыңыз үшін әдейі ұйымдастырылғанына сенімдімін. Басқа жол қалмағандықтан, сізге тікелей жүгінуге мәжбүрмін. Бұл – менің жанайқайым”, – деді спортшы.
Ангелина арманына жету үшін ұзақ жол жүргенін жеткізді.
“Кәсіби мансабымда талай мықты қарсыласты жеңіп, бірден екі әлемдік рейтингке ендім. Ал биыл 7 тамызда WBC ұйымы мені ресми түрде әлемдік рейтингте №1 деп таныды. Бұл – қазақстандық әйелдер боксы үшін үлкен серпіліс”, – деп атап өтті Лукас.
Оның қарсыластары арасында аты аңызға айналған есімдер бар. 22 мәрте жеңіске жеткен аргентиналық Дебора Лопес, 48 жекпе-жек өткізген мексикалық чемпион Анна Арассола, сондай-ақ атақты Даниела Асенхо. Олардың барлығы да танымал әрі титулды спортшылар.
Ангелинаның айтуынша, бұл жеңістер – тек жеке жетістік емес, бүкіл Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын арттыру.
Алайда өкінішке қарай, спортшы осы күнге дейін мемлекет тарапынан бірде-бір ресми марапат та, тіпті құттықтау да алмағанын айтты.
“Елдің туын әлемдік аренада көтеріп, шыңға ұмтылғанда, Отаныңның қолдауын сезіну – өте маңызды”, – дейді ол.
Спортшы мемлекет басшысының әлеуметтік желідегі белсенділігін білетінін және дәл осы қолдауы жаңа жеңістерге жол ашатын қуатты демеу боларына сенеді.
Видео соңында Ангелина өзіне сенген жанкүйерлеріне, жазылушыларына және демеушілеріне шынайы алғысын білдірді.
“Рахмет сіздерге!” – деді ол.
Айта кетейік, спортшының бұл үндеуі әлеуметтік желілерде мыңдаған қолдауға ие болып, жұртшылық оның табандылығы мен батылдығына тәнті болды. Енді бүкіл ел Ангелина Лукас әлем чемпионы атағын иеленіп, қазақстандық әйелдер боксын жаңа белеске көтеретін сәтті тағатсыздана күтуде.
Бұған дейін WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған Ангелина Лукас осы беделді ұйымның әлемдік рейтингінде көш бастаған тұңғыш қазақстандық спортшы болғаны хабарланған еді.