Әдебиеттанушы Сейіт Қасқабасов өмірден өтті

Сағыныш Сардарова 28 сәу. 2025 12:54 242

Белгілі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым Сейіт Қасқабасов өмірден өтті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаралы хабарды Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жеткізді.

"Бүгін белгілі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сейіт Асқарұлы Қасқабасов өмірден өтті. Сейіт Асқарұлының отбасына мен жақындарына, қазақ халқына қайғыра көңіл айтамыз!" - деп жазылған хабарламада.

Сейіт Асқарұлы Қасқабасов 1940 жылы 24 маусымда Семей қаласында дүниеге келген. 1947 жылы Семей қаласының Жаңасемей бөлігіндегі №5 орта мектепке оқуға барады.

  • 1970-1981 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғылыми хатшысы әрі "Қазақ КСР Ғылым академиясының Хабарлары" атты журналының жауапты хатшысы.
  • 1981-1983 жылдары Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында аға ғылыми қызметкер.
  • 1983 жылдан бастап Алматыдағы М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға, жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.
  • 1989 жылы Мәскеу Мемлекеттік университетінде "Қазақ халық прозасының жанрлары" деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.
  • 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде консультант қызметіне тағайындалып, әдебиет және өнер саласына жауапты болған және саяси репрессияға ұшыраған Ж.Аймауытұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы,т.б. арыстарымызды ақтау жұмысына қатысып, қажет құжаттарды дайындаған.
  • 1990 жылы Орталық Комитетте жаңадан құрылған Саяси процестер социологиясы орталығын басқарған. Мұнда сондай-ақ идеологиялық комиссиясының мүшесі әрі орталық жетекшісі ретінде кезінде қате қабылданған көптеген саяси-партиялық құжаттардың күшін жою және жазықсыз тыйым салынған ақын-жазушылар мен қайраткерлерді ақтау қажеттігі туралы жұмыс тобын басқарған.
  • 1991-1992 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Аппаратында Мәдениет секторының жетекшісі, Білім, ғылым және спорт, жастар ісі бөлімінің орынбасары болған.
  • 1992 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Аттестациялық Комиссиясының төрағасына тағайындалып, ЖАҚ-ты құрып, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтарды беруге және ғалымдарды аттестациялауға қажет ережелерді жазған.
  • 1993 жылы ТМД елдері Жоғары Аттестациялық Комиссияларының Ассоциациясын құрып, оның төрағалығына сайланған.
  • 1994-1997 жылдары М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында институт директорының орынбасары, Қолжазба және текстология бөлімінің меңгерушісі.
  • 1997-2001 жылдары Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Еуразия" ғылыми орталығын, шығыстану факультетін ұйымдастырып, басқарған, қазақ фольклоры мен әдебиет тарихы бойынша дәріс оқыған.
  • 2001-2011 жылдары М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметін атқарды.
  • 2011 жылдан бастап Институттың "Фольклортану" бөлімінің меңгерушісі және бас ғылыми қызметкер ретінде қызмет атқарды.

Ол - "Казахская волшебная сказка" (1972), "Қазақтың халық прозасы" (1984), "Родники искусства" (1986), "Колыбель искусства" (1990), "Казахская несказочная проза" (1992), "Абай және фольклор" (1995), "Золотая жила" (2000), "Жаназық" (2002), "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу. Қыз Жібек. Қазақтың ғашықтық жырлары" (2003), "XV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті" (2005), "О фольклоре и не только" (2005), "Елзерде" (2008) сияқты монографиялар мен зерттеулер кітабының және 300-ден аса зерттеу жұмысының авторы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар