Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пара алу ісі бойынша сотталған Абылай Мырзахметовтің бостандыққа шыққаннан кейінгі құқықтық мәртебесіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Мырзахметов сот үкімімен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеген. Кейін сот оның жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыру туралы шешім шығарған.
Осыған орай, бостандыққа шыққаннан кейін ол пробация қызметінің есебіне алынған. Енді сот белгілеген барлық талаптар мен шектеулерді орындауға міндетті. Атап айтқанда, оған Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тыйым салынған.
ҚАЖД мәліметінше, пробация қызметінің мамандары сотталған азаматтың өзіне жүктелген міндеттерді сақтауын тұрақты түрде қадағалайды. Осы мақсатта жүйелі тексерулер жүргізіліп, өзге де бақылау шаралары жүзеге асырылып жатыр.